Қазіргі заманда ең көп айтылатын, сонымен қоса ең жиі қате пайымдаулар жасалатын ұғымдардың қатарында адам құқықтары мен демократия бар. Осы екі ұғым бір-біріне өте жақын, тіпті демократия іргелі адам құқықтарының бірі болып саналады және дамыған Батыс елдерінде адам құқықтары мен демократия синоним тәріздес болып кеткен. Алайда, ол елдерде де адам құқықтары мен демократияға қатысты мәселелер жоқ емес, тіпті кейбіреулері, нәсілшілдік, мигрантофобия сияқтылары белең алып келеді. Ал дамушы яғни демократикалық институциялар/құрылымдар тұрақты емес елдерде тұратын бір талай азамат бұл екі ұғым тұралы қате пайымдауларға ие. Тіпті адам құқықтары мен демократияны тұрақсыздық, заңсыздық және моральдің жоюлуымен байланыстыралады.
Адам құқықтары мен демократияны байланыстаратын және адами іргетасқа қоятын, бірақ көп айтылмайтын құндылық бар, ол — “жалпыға ортақ/әмбебап адами қадір-қасиет”. Жалпыға ортақ адами қадір-қасиет ұғымы заманымызда бірте-бірте шынайы (яғни популист емес) демократияның ірге тасы ретінде де қабыладанып келе жатыр.
Заманауи адам құқықтары философиясы бойынша, адами қадір-касиеттің деңгейлері немесе дәрежелері болмайды. Шыққан текке, жынысқа, жасқа, дінге, әлеуметтік топқа, отбасылық жағдайға, денсаулық жағдайына, азаматтығына байланыссыз ол барлық адамдарда бірдей. Әр адам — адам баласы болғаны үшін ғана туа-бітті құндылыққа ие және осы туа-бітті құндылықты өзгелер мойындап, құрметтеу керек.
Адам құқықтары мен жалпыға ортақ адами қадір-қасиет ұғымдары бір бүтіннің екі жартысындай. Адам құқықтары ұғымы әмбебап болмаса болмайды, адам құқықтары жалпыға ортақ болмаса мағынасы жоғалады! Адам болып жаратылуымыз адам құқықтарының негізі, адамның туа біткен қадір-қасиетін құрметтеу — заманауи адам құқықтары тұжырымдамасының құндылық негізі.
Адам құқықтары тұжырымдамасы — біздің күнделікті өмірімізге қатысты, ол абстракциялық/қияли, немесе қайсы бір азшылықтарға ғана қатысты, немесе Батыстан келген, “өзгеге тән, бізге жат” ұғым емес. Яғни, адам құқықтарының заманауи тұжырымдамасы құрылымдық табиғатқа ие, қайсы бір өркениет немесе мәдениеттің туындысы ретінде қарастырылмау қажет. Адам құқықтарының заманауи анықтамалары көбінесе Батыс мемлекеттерінде пайда болғанымен (бұл да даулы, әсіресе деколониал зерттеулер тұрғысынан), адам құқықтары адами қадір-қасиетке мемлекеттен, нарықтық экономикадан және басқа тұлғалардан төнетін түрлі қауіптерге төтеп беру үшін бар.
Адам құқықтарының әмбебатығы идеясы, қоғамның дамуына байланысты пайда болған құбылыс. Яғни, әмбебап адам құқығы құндылықтары түсінігі — бізге жат, импортталған деп айтуға ғылыми негіз де жоқ, бұл адам ақылына да қайшы. Ол – әр түрлі мәдениеттердің ғасырлар бойы жасаған ізденістерінің нәтижесінде, сұранысына жауап ретінде қалыптасқан 21 ғасырдың атауы. Басқаша айтсақ, адам құқықтарының жалпыға ортақтығы ұғымы — құқықтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, білім беру жүйелерін қалыптастыра бастауы — адамзаттың идеялар, тұжырымдамалар тұрғысынан дамуының өте маңызды кезеңі болып табылады. Бұны техникалық ғылымдар саласында IT технологиялармен, ғаламтордың пайда болуымен де салыстыра аламыз.
Заманауи адам құқықтары тұжырымдамасы алғашқыда утопия болса да, белсенді азаматтардыңарқасында жүзеге аса алатын орасан зор әлеуметтік, мәдени және өркениеттік идеалға айналды. Адам құқықтары талаптары — еркіндіктер мен құқықтарды және жаупкершіліктерді күшейтетін қоғамдық өзгерістірге апарады. Адам құқықтарын білу арқасында біз тұлға ретінде дамиміз және қоғам өзгереді, адами қадір-қасиетке сай өмір сүре алатын орта жаратылады.
21-нші ғасырда, “мемлекет пен қоғам қандай болу керек?” деген сұрақтың жауабы — жалпыға ортақ адами қадірді қабылдап қорғау керек. Адам құқықтары мен “мемлекеттің қуаттылығы мен қоғамның тұрақтылы арасында тікелей байланыс бар. “Жалпыға ортақ адами қадір-қасиет” құрметтелетін мемлекет пен қоғам — ең мықты және тұрақты, зорлық зомблықтан да алыс. Қазақстан үшін маңызды мәселелердің бірі, әлеуметтік құқықтардың жеткілікті деңгейде дамымауы мен қорғалмауы. Алайда, әлеуметтік құқықтар — жалпыға ортақ адами қадір-қасиетті қабылдаудың ең үлкен көріністердің бірі. Зейнеттегі адамдар, декреттегі әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, олардың адами қадірін осы әлеуметтік құқықтар қорғайды. Мардымсыз жалақы деңгейі адами қасиетті аяқ асты ететін фактор.
Адам құқықтары саласында эмпатия негізгі идея мен құндылықтың бірі. Эмпатия арқылы “жалпыға ортақ адами қадір-қасиетті” түсіне аламыз, бұған ақылдың күші жетпейді. Заманымызда евроцентристік материалист/позитивист түсініктің ғылымда, әсіресе саяси теория мен адам құқықтары философиясында басым болуы, адам құқықтарының әмбебаптығын түсіндіруде үлкен мәселе туғызып отыр. Себебі, евроцентристік материализм/позитивизм ақыл мен сезімді, соның ішінде эмпатия да бар, бір біріне қарсы қояды. Адам құқықтарының жалпыға ортақтығын, евроцентристік материалист түсініктің суықтау қарайтын адами сезімдермен, әсіресе эмпатия арқылы білуге болады, м/ы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың адам құқықтарын, гендерлік теңдікті, бала құқықтарын эмпатия арқылы түсіну маңызды.
Эмпатия — деколониал/ бейотар/отарсыздану түсінігінде де негізгі ұғымдардың бірі, себебі отарлау мен отарлану эмпатия мен өз-өзіне деген эмпатияны бірте бірте жояды. Бұл жағдайдан шығу да эмпатияны қайта жаңғырту арқылы болады. Жалпы, адам құқықтарының әмбебатығы мен деколониял/бейотар түсінік арасында тығыз байланыс. Деколониал бағыттың ең үлкен мақсаттарының бірі отарланған елдер азаматтарына тапталған адами қадір қасиетті қайтып беру болатын. Заманауи деколониал ойшылдар бұл идеяны ары қарай дамытты. Заманымызда шынайы отарсыздану — отарланған елдер қоғамдары мен мәдениеттерінде жалпыға ортақ адами қадір қасиетті құрметтеуді негізгі идеяға айналдыру, бұны тұғыр қылу. Бұл болса заманауи адам құқықтарының айтып тұрғаны.
Деколониал, бейотар/отарсыздану түсінігіде басқа да негізгі ұғымдардың бірі — кімдік, мәдениет, тіпті дін сияқты әлеуметтік құбылыстардың динамикалық, яғни статикалық және монолит емес/ қатып қалған емес, гетероген екенін қабылдау. Өзгермитін, қатып қалған кімдік (identity) бар деген түсінік — отаршылдық (coloniality/колониальность) түсінігі. Яғни мәдениет туралы ғылымға қайшы келетін, затында отаршылдық түсінігі — мәдениеттің «монолит»/ «біртектес» құбылыс екенін қабылдайды. Отарлану кезеңін басынан кешірген халықтар әр түрлі постколониал және отаршылдық (coloniality) жағдайларына ұшырап жатады. “өзгермейтін кімдік (идентичность)” бар, “біздің мәдениет, салт өзгермейді” деген түсініктер — отаршылдық түсінігі. Алайда, мәдениет өзгергіш, қатып қалған емес, керісінше динамикалық, гетероген, гибрид, өз ішінде әр-алуан. Кімдік те қатып қалған, «біртектес» құбылыс емес — көп қырлы, гетероген, динамикалық, қоршаған ортамен үнемі әрекеттеседі. Кімдік, мәдениет, дін, дәстүр өзгеріп тұратын, икемді, динамикалық, гетероген құбылыстар. Бұл олардың ерекшелігі ғана емес, олардың дамуының, өміршеңдігінің шарты.
Жалпы, отар болу мен отарланудың (coloniality) зардаптары мен мәдени кенжелік арасында және адам құқықтарының дамымай қалуы арасында тікелей байланыс бар. Айта кетерлік маңызды нәрсе, әлемдегі әр түрлі деструктив, популист күштерді біріктіретін бір көзқарас – мәдениет, өркениет, кімдікті монолит ретінде қабылдау. Ол, мысалы, мигрантофобия, мизогония, исламофобия, немесе гомофобияға алып келеді. Адам құқықтарын шынымен әмбебап құндылық ретінде қабылдайтын қоғам орнау үшін — мәдениеттің, өркениеттің, кімдіктің құбылмалы, өзгеріп отыратын негізін мойындап қана қоймай, әлеуметтік консенсусты іздеу, нормаларды өзгерту тәжірибесін қалыптастыруымыз керек. Және ол – әмбебап адам құқықтары идеясына сай, инклюзив шешімдерді көздеу керек.
Деколониал, бейотар/отарсыздану түсінігі — кімдік, мәдениет, дін сынды әлеуметтік құбылыстардың динамикалық және гетероген екенін қабылдау арқылы олардың “жалпыға ортақ адами қадір-қасиетті” қабылдайтын жорамалдар, модельдер жасап шығаратынын қабылдайды және осы бағытта жұмыс істейді.
Адам құқықтарын тұлғаның толыққанды болуына қол жеткізу шеңберінде түсіну қажет. Тұлғаның толыққандығы — адами қадір касиеттің қорғалуы, әркімнің өз қабілеттерін аша білуі, физикалық, эмоциялық, психологиялық денсаулығының тұтастығының қамтамасыз етілуін керектіреді. Бұл деколониал түсінік үшін де өте маңызды. Сонымен қоса, деколониал түсінік бойынша әрбір мәдениет пен діннің ең іргелі мақсаты – тұлғаның жан жақты дамуы мен қорғалуын көздеу және жалпыға ортақ адами қадір-қасиетті қорғау түсінігін орнықтыру, яғни, адам баласының игілігі мен тұлға ретінде дамуы мен қорғалуы.
Адам баласына оның туа біткен адами қадір қасиетіне лайық қатынас жасасақ, яғни адам құқықтарын құрметтеп солай әрекет ететін болсақ — уақыт өте келе, адами қадір-қасиетті құрметтейтін, өркениетті тұлғалардың пайда болғанын көреміз. Адами қадір-қасиетті қорлайтын нәрселермен күресе алатын, оларды жоя алатын күш, ең алдымен, біз өзіміз, жақындарымызға, көршімізге, әріптесімізге, таныс-бейтаныс бүкіл адамдарда олардың адами қадір-қасиетіне сай қатынас жасау керек. Қорыта айтқанда, қай мәдениет пен дін 21-нші ғасырда “жалпыға ортақ адами қадір-қасиетті” (бұл заманауи адам құқықтары тұжырымдамасының негізгі идеясы) мойындамайтынын айта алады? Туа- біткен адами қадір қасиетті қорғауға арналған ұғым неге бізге жат болсын?! Бұны деколониал яғни отарсыздану/бейотар түсінік айтып тұр.