Образование,  Политология,  Социология

Инклюзивті институттарды қалыптастыру мен бала құқықтарын дамыту арасында байланыс (1)

Ғалым Жүсіпбек

Плюралистік бірегейлік пен мәдениет, әр кімнің өзінің төл мәдениетіне деген құрметті және айналадағы мәдени әр-алуандылық пен көп-түрлілікті тек қана қабылдау немесе мойындауды ғана емес, онымен араласуды, “барыс келіс жасауды” білдіреді. Адам құқықтарын дамыту мен плюралистік мәдениет арасында тікелей байланыстың бар екені, Орталық Азия және басқа да евразиялық елдер қоғамдарында көп жағдайда назардан тыс қалып тұрады. Алайда адам құқықтарын дамыту мен плюралистік мәдениет қалыптастыру, евразиялық интеграция елдерінде инклюзивті институттарды дамыту үшін ауадай қажет.

Unsplash / Robert Collins

“Инклюзивті институттар” мен “инклюзивті даму” қазіргі таңда қайсы бір елдің орта және алыс келешекте дамыған, алдыңғы қатарғы ел болатынын анықтайтын негізгі көрсеткіштердің арасында орын алып отыр. “Инклюзивті институттар” деп меритократия негізіне құрылған, яғни әркім тегіне, өмірлік көзқарасына, жынысына, жасына қарамастан, тек қана кәсіби қабілеттеріне байланысты қызмет ете алатын (мысалы, мемлекеттік басқару органдары, соттар тб), немесе қажеттіліктеріне байланысты пайдалана алатын, өз қабілеттерін аша алатын (мысалы, бала бақша, мектеп тб) институттар деп айта аламыз. “Инклюзивті даму” болса, барлық әлеуметтік топтардың экономикалық және әлеуметтік жағдайын, әсіресе әлеуметтік капиталын жақсартуды, сондай-ақ экологиялық тұрақты дамуды негізге алатын саясаттар жиынтығы деп тұжырымдай аламыз.

Европалық интеграция елдерінде инклюзивті институттарды дамыту және инклюзивті дамудың жолдарын тұжырымдау мен оларды жүзеге асыру, плюралистік бірегейлік пен плюралистік мәдениетті қалыптастыру нәтижесінде мүмкін болды. Плюралистік бірегейлік пен мәдениетті қалыптастыру өз кезегінде, европалық интеграцияның адам құқықтарына құрмет пен оларды қорғауды негізге алуының заңды нәтижесі болды. Адам баласына (бала құқықтарына) деген құрметті негізге алатын гуманистік бала тәрбиелеу мен білім беру моделдерін өмірге өзек ету, адам құқықтарын қорғауға негізделген европалық ортақ құқықтық шеңбер қалыптастырудың құрамдас бөлігі болып табылады. Негізінен, европалық интеграция тәжирібесі, адам құқықтарына деген құрмет пен оларды қорғаудың, тек құқықтық нормалар мен заңмаларға ғана емес, сонымен қатар, гуманистік бала тәрбиелеу мен білім беру моделдерінен нәр алатын мәдениетке негізделетінін көрсетті.

Инклюзивті және экстрактивті институттардың тұжырымдамасы мен теориясын әзірленген Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсонның көзқарасы рационалдық теорияға негізделген. Алайда біз институттарды қалыптастырып дамытуда мәдениеттің рөлін, жалпы алғанда, азаматтық қоғамның рөлін рөлін ескеру керек деп есептейміз. Мұның бәрі рационалистік құрылым шеңберінен шығып, әлеуметтік конструктивистік ұғымдарға сүйеніп, пост-позитивистік көзқарастың кейбір тұжырымдамаларын қолдануды талап етеді. Басқаша айтқанда, көптеген постсоветтік евразиялық елдерде инклюзивті институттардың кейбір негіздері бар болғанмен, ол елдерде “software” яғни «бағдарламалық қамтамасыз ету» (мәдениет, түсініктер, менталитет, азаматтық қоғам) дамымауы мүмкін. Бұл мәдени өлшем тұжырымдамасы Дарон Ажемоглу мен Джеймс Робинсон әзірлеген рационалистік теорияларда назардан тыс қалған. Плюралистік мәдениетті дұрыс қалыптастыру дегеніміз бала тәрбиесі, тәрбие және білім беру модельдері, тарихты оңтайлы талдау және әлеуметтік ғылымдарды дамыту, ғылымды гуманизациялау арқылы қалыптастырылған инклюзивті бірегейлікке негізделеді.

Қазақстандағы білім беру саласындағы және бала тәрбиеcіндегі “қатал ата-ана” моделі мен инклюзивті институттардың кенже қалуы

Посткеңестік мемлекеттерде балалар құқықтарының дамымауы мен бұзылуы жиі кездесетін жайт. Мысалы, ЮНИСЕФ-тің 2016 жылы жүргізген зерттеулеріне сәйкес қазақстандық ата-аналардың 70% -ы балаларды тәрбиелеуде күш қолданады. Жалпы ата-аналардың төрттен үш бөлігі (75%) балаларды тәрбиелеуде зорлық-зомбылық қолданатынын айтады. Қазақстанның ең дамыған қалаларында да, ата-аналардың жартысы балаларды тәрбиелеуде физикалық, ауызша және эмоциялық жазаларды қоса алғанда, барлық әдістерді қолданады. Дегенмен, даму психологиясы саласында жасалған соңғы жаңалықтар және қазіргі заманғы балаларды дамыту әдебиетінің басым бөлігі, «қатал ата-ана» моделіне сәйкес балаларды тәрбиелеу балаларға, олардың психологиялық дамуына орасан зор зиян тигізетінін айтады.

Аталып өткендей, елімізде балалардың құқықтарын бұзу деңгейі жоғары. ЮНИСЕФ деректері бойынша 2-4 жас аралығындағы балалардың жартысы (50 пайызы) ата-аналарының зорлық-зомбылық құрбанына айналады. Мұндай жағдай бұрынғы кеңестік елдерде де бар. Сондай-ақ, Қазақстан балалар мен жастардың өз-өзіне қол жұмсау деңгейі өте жоғары елдердің қатарына кіреді.

Бұл теріс құбылыстың негізінде, бұрынғы кеңестік елдердегі, кеңестік кезеңде тәрбиелеген көптеген аға ұрпақтың «қатал ата-ана» моделін (күш қолдануды, қорқытуды және жазалауды негізге алатын моделді), жаңсақ түрде «қазақылық» деп қабылдауы, жатуы мүмкін. Әсіресе, білім деңгейі төмен азаматтар арасында көп таралған жағдай деп айта аламыз.

Балаларды тәрбиелеу ғана емес, сонымен қатар білім беру жүйесі мен оқыту әдістері де «қатал ата-ананың» принциптеріне сәйкес жүргізіледі деп тұжырымдай аламыз. Білім беру жүйесінде көптеген реформаларға қарамастан, дәстүрлі қазақстандық мектептерде прогрессивті көзқарасты дамытуға бағытталған оқыту әдістері мен мектеп мұғалімдерінің методикаларында көп өзгерістер жасалынбады. Білім беру жүйесі мен оның тәсілдері мен әдістері патерналистік әрі авторитарлық болып қалуда. Бала тәрбиесі мен білім берудегі «қатал ата-ана» моделінің басым бөлігі қоғамдық өмірдің барлық аспектілеріне еріксіз әсер етеді. Отбасыдағы патернализм мен деспотизмнің қоғамға жайылуы (экстраполяциялануы) жайында, әлеуметтік және саяси өмірге әсер етуі туралы қоғамдық ғылымдар айтып жатыр.

Негізінен инклюзивті институттарды қалыптастыру мен бала құқықтарын дамыту арасында тікелей байланыс барын айта аламыз, бұның ең үлкен дәлелі дамыған елдер, жоғарыда аталып өткен европалық интеграция елдері. Бұл тақырыпты одан ары тұжырымдай түсеміз.