Ғалым Жүсіпбек
Қазіргі замандағы ең күрделі мәселелердің бірі – әр алуандықты қауіп деп санайтын «біртекті қоғам» құру мақсатындағы “эксклюзивті” (өзгелерді қабылдамаушы) этникалық бірегейлік, этникалық және діни «пуризм» идеяларының қауіп-қатері. Постсоветтік кеңістікте Украина, Грузия, Молдова сияқты елдер ұлтаралық жанжалдарды бастан кешірді. Этникалық бірегейлік мәселелеріне байланысты Әзербайжан, Армения, Грузия және Ресей сияқты елдер әскери конфликттерге қатысуда. Бірқатар қауымдастықтарда теріс, жағымсыз тарихи естеліктер топ мүшелерімен байланыс жасау және жаулардың бейнелерін жасау үшін пайдаланылуда. Алаңдаушылық тудыратын бір жайт, «жағымсыз» тарихи естеліктер “өзгелерге, бөтендерге” «экстремистік сипат» беру үшін қолданылып жатады. Соңғы жылдардағы популизм тұрақтылыққа қатер төндіретін экстремистік сипаттағы шығармаларды жасауға, орнықты дамуға қол жеткізу перспективаларын төмендетуге ұмтылады.
Екінші жағынан, соңғы жылдары сарапшылар, мемлекеттік лауазымды тұлғалар, азаматтық белсенділер, тіпті қарапайым азаматтар мемлекеттік институттардың “инклюзивті” (жинактаушы, өзгелерді қабылдайтын) немесе “эксклюзивті” (өзгелерді қабылдамаушы) табиғатқа ие болуына байланысты елді «сәтті» немесе «сәтсіздікке» айналдырудағы рөлінің маңыздылығы туралы пікірталастарға қатысуда. Атап айтқанда, Д.Аджемоглу мен Дж.Робинсон осы мәселе бойынша тамаша талдаулар жасады.
Әлеуметтік және қоғамдық ғылымдарда дәл анықтама беру қиын болғанымен, инклюзивті институттар деп әркім тегіне, өмірлік көзқарасына, жынысына, жасына қарамастан, тек қана кәсіби қабілеттеріне байланысты қызмет ете алатын (мысалы, басқару органдары), немесе қажеттіліктеріне байланысты пайдалана алатын, өз қабілеттерін аша алатын (мысалы, бала бақша, мектеп) институттар деп айта аламыз. Инклюзивті даму болса, жалпы барлық әлеуметтік топтардың экономикалық және әлеуметтік жағдайын, әлеуметтік капиталын жақсартуды, сондайақ экологиялық тұрақты дамуды негізге алатын саясаттар жиынтығы деп тұжырымдай аламыз. [Gupta and et al 2015, 542].
Европалық интеграция елдерінде инклюзивті институттарды дамыту және инклюзивті дамудың жолдарын тұжырымдау мен оларды жүзеге асыру, плюралистік бірегейлік пен плюралистік мәдениетті қалыптастыру нәтижесінде мүмкін болды. Плюралистік бірегейлік пен мәдениет, әр кімнің өзінің төл мәдениетіне деген құрметті және айналадағы мәдени әр-алуандылық пен көп-түрлілікті тек қана қабылдау немесе мойындауды ғана емес, онымен араласуды, “барыс келіс жасауды” білдіреді.
Евразиялық интеграция елдерінде экологиялық тұрақты дамуға қол жеткізу мен инклюзивті саяси институттарды құруды және плюралистік мәдениетті қалыптастыруды (бұл инклюзивті бірегейлікті қалыптастыру механизмдеріне, білім беру модельдеріне, адам құқықтарын дамытуға сүйенеді), Европалық интеграция (әсіресе негізгі мүшелерінің) тәжірибесіне назар аудару арқылы жүзеге асыруға болады. Жалпы алғанда, Европалық интеграция барысында бейбітшілік пен плюрализм (плюрализм жай ғана көп түрлілікті қабылдау немесе мойындау ғана емес, көп түрлілікпен араласу, «барыс келіс жасау») аймағының пайда болуы және инклюзивті Европалық бірегейлік пен Евроодақ елдеріндегі инклюзивті, сондай-ақ экологиялық- сезімтал саяси және экономикалық институттардың пайда болуы арасындағы қарым-қатынасты түсіндіретін теориялық-тұжырымдамалық негізді дамыту зор маңызға ие болып тұр.
Ғылыми әдебиеттерде европалық интеграцияның барлық аспектілерін түсіндіре алатын бірыңғай теория жоқ екені белгілі. Европалық интеграция тек экономикалық және саяси интеграция ғана емес, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті құру, шартты түрде «өркениетті» деп аталатын (христиан немесе батыстық емес, бірақ «плюралистік» және адам құқықтарына бағдарланған) және экологиялық тұрғыдан сезімтал) қоғам құру жобасы.
Классикалық рационалистік теориялар европалық интеграцияның осы материалдық емес өлшемдерін түсіндіре алмайды. Сондықтан европалық интеграцияның әр түрлі аспектілерін талдау кезінде нормалар, бірегейлік, сенімдер сияқты құбылыстарды ескеретін конструктивистік көзқарас (мысалы, конструктивизмнен пайда тапқан Жаңа аймақтық көзқарас) маңызды болды. Интеграциялық зерттеулердегі Жаңа аймақтық көзқарас өңірлерді әлеуметтік құрылымдар ретінде қарастырады (Neumann 1994, Söderbaum 2004).
Конструктивизм адамзат бірлестігінің құрылымдары ең алдымен материалдық күштерден гөрі бірлескен идеялармен анықталғанын және бірегейліктер мен мүдделердің табиғи түрде емес, осы ортақ идеялар арқылы жасалатынын білдіреді (Wendt 1999, 1). Әлеуметтік құбылыстарды түсінуге бағытталған конструктивтік көзқарас бойынша, адамзат сөйлеу, талқылау және жазу арқылы әлемді қалыптастырады, жасайды. Онуф атап өткендей, сөйлеу, талқылау және жазу – бұл әлемді қалыптастырудың, жасаудың ең маңызды жолдары (Onuf 2013, 3).
Тұтастай алғанда, конструктивизм идеяларға, жеке тұлғаларға, нормаларға назар аударып, біздің заманымыздағы әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде кең перспективалар ұсына алады. Вендттың айтуынша, амалдар мен әрекеттерге әсер ететіні құрылымдардың материалдық аспектісі емес, әлеуметтік құбылыстардың интерсубъективтілік табиғаты. Біргейліктер туа бітпейді, олар адамдардың өмір сүруі барысында, өзара әрекеттесуі нәтижесінде қалыптасады, дамиды, сақталады немесе өзгереді. Қысқаша айтқанда, Біргейліктер мен мүдделер интерсубъективті құбылыстар болып табылады (Wendt 1992; Wendt 1999). Ұлттық біргейліктер де жасалады, құрастырылады, олар туа бітпейді және де ұлттық біргейліктер ұлттық мүдделердің негізін қалайды.
Acemoglu, D. & Robinson J.A. 2008A. The Persistence and Change of Institutions in the Americas, Southern Economic Journal 2008, 75(2), 282–299.
Acemoglu, D. & Robinson J.A. 2008B. The Role of Institutions in Growth and Development.. WORKING PAPER NO.10. 3/21/2008.
Acemoglu, D. & Robinson J.A 2012. Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity and Poverty, Crown Publishing Group.
Gupta, J.; Pouw, N and Ros-Tonen, A. 2015. ‘Towards an Elaborated Theory of Inclusive Development’, European Journal of Development Research, V. 27, 4, 541–559.
Neumann, I. 1994. ‘A region-building approach to Northern Europe’, Review of International Studies, 20 (01), 53-74.
Onuf, N. 2013. Making Sense, Making Worlds: Constructivism in Social Theory and International Relations, Routledge.
Rosamond, B. 2000. Theories of European Integration. NY: St.Martin’s Press.
Söderbaum, F. 2004. The Political Economy Of Regionalism: The Case of Southern Africa, Palgrave Macmillan.
Wendt, A. 1992. Anarchy is what States Make of it: The Social Construction of Power Politics, International Organization, Vol. 46, No. 2, 391-425.
Wendt, A.1999. Social theory of international politics. Cambridge University Press.